Орталық депозитарийдің Қағидалар жинағының Тарифтері мен алымдары туралы ережесі жаңа редакцияда бекітілді

15 мамыр 2026

"Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ (Орталық депозитарий) Директорлар кеңесінің 2026 жылғы 14 мамырдағы сырттай дауыс беру арқылы қабылданған шешімімен Тарифтер мен алымдар туралы ереженің жаңа редакциясы (Ереже) бекітілгенін хабарлайды.

Ереже Орталық депозитарийдің тарифтері мен алымдарын, сондай-ақ оларды алу тәртібін өзгертуді көздейді.

Соңғы бес жыл ішінде Орталық депозитарийдің негізгі тарифтік мөлшерлемелері өзгертілген жоқ, ал 2020 жылдың басында олар орта есеппен 20%-ға төмендетілді.

Тарифтерді оңтайландыру бағалы қағаздар нарығының трансформациясы мен өсуі жағдайында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, өнімдер желісін кеңейтуге және клиенттік сервисті жетілдіруге бағытталған Орталық депозитарийдің кешенді стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Іске асырылып жатқан өзгерістер сондай-ақ Орталық депозитарий инфрақұрылымының операциялық сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, операциялар көлемінің өсуін тиімді сүйемелдеуге және жаңа цифрлық сервистерді енгізуге бағытталған.

Ережеде төлеушінің санатына қарамастан Орталық депозитарийдің жиынтық шоттарын төлеудің бірыңғай мерзімі белгіленгеніне ерекше назар аударамыз. Аталған мерзім шот ұсынылған күннен бастап күнтізбелік 20 күнді құрайды.

Тарифтері мен алымдары туралы ереженің жаңа редакциясы 2026 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі, ал есептік кезеңі күнтізбелік тоқсан болып табылатын тарифтер бойынша – 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Тарифтері мен алымдары туралы ереженің жаңа редакциясымен Орталық депозитарийдің интернет-ресурсындағы [Қағидалар] бөлімінің [Тарифтер мен алымдар] шағын бөліміндегі [Қолданыстағы редакция] қосымша бетінде танысуға болады.