2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Еділ Медеу "Бағалы қағаздар орталық депозитарийі" АҚ (KCSD) Басқармасының құрамында бес жылдан астам уақыттан кейін жұмысын аяқтайды.
Еділ Медеу Орталық депозитарий командасына 2021 жылдың маусым айында Басқарма төрағасының орынбасары болып қосылды. Оның жауапкершілік саласына стратегия мен бизнесті дамыту, депозитарлық қызмет, тәуекелдерді басқару, халықаралық ынтымақтастық және коммуникация кірді. 2025 жылдың наурызынан бастап ол Орталық депозитарийді басқарды.

Ол басшылық қызмет атқарған жылдары KCSD халықаралық және аймақтық байланыстарды кеңейтті, клиенттік базаны ұлғайтты және негізгі есеп айырысу процестерін дәйекті түрде автоматтандырды.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына қарай 2025 жылдың басымен салыстырғанда жергілікті құралдардағы депозитарлық қызмет көрсетудегі активтердің көлемі акциялардың мемлекеттік пакеттерін есепке алмағанда 45%-ға, ал шетелдік құралдарда 16%-ға ұлғайды. KCSD есепке алу жүйесіндегі брокерлік шоттардың саны 5,6 млн-ға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Орталық депозитарийдің таза пайдасы алғаш рет 2 млрд теңгеден асып, тиімділік шамамен 20%-ды құрады.
2022 жылдың басынан бастап депозитарлық қызмет көрсетудегі бағалы қағаздардың шетелдік шығарылымдарының саны 367%-ға ұлғайып, 1 584-ға жетті. Клиенттік базадағы қаржы ұйымдарының саны 141%-ға, яғни 11 елден 128 ұйымға дейін өсті, ал бейрезиденттер мен АХҚО қатысушыларының үлесі 62%-дан асып түсті.
KCSD АҚШ, Парсы шығанағы елдерінің, Түркия, Әзірбайжан, Армения және Тәжікстанның жаһандық банктерімен және депозитарийлерімен тікелей депозитаралық және корреспонденттік байланыстар желісін кеңейтті. Бұл KCSD клиенттерінің жергілікті және шетелдік қаржы құралдарымен жұмыс істеу мүмкіндіктерін арттыруға оң ықпал етті.
Бұдан басқа, Орталық депозитарий есепке алу-есеп айырысу процестерін цифрландыруды жалғастыра отырып, кастодиандық және криптокастодиандық қызметтерді қоса алғанда, жаңа бағыттарды дамытуды бастады. Сонымен қатар, білікті салық делдалының функцияларын орындауды, деректерді алу мен цифрлық қаржы активтерін ұстаушылардың тізілімдерін жүргізуге баса назар аударды.
"KCSD-де жұмыс істеу мен үшін маңызды кәсіби кезең болды. Бес жыл ішінде біз командамен бірге қазақстандық капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық байланыстар мен Орталық депозитарийдің өңірлік рөлін нығайтқан жобаларды іске асырдық. Акционерлерге, Директорлар кеңесіне, әріптестерге және нарық қатысушыларына маған артқан сенімдеріңіз бен бірлескен жұмыс үшін алғысымды айтамын. Команда стратегияны іске асыруды және KCSD сервистерін дамытуды жалғастыратынына кәміл сенемін", - деп атап өтті Еділ Медеу".
KCSD командасы Еділ Медеуге Қазақстанның қаржы нарығының инфрақұрылымын, Орталық депозитарийдің халықаралық байланыстарын дамытуға және оның сервистерін цифрландыруға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіреді. KCSD бекітілген стратегия мен ағымдағы жобаларды іске асыруды жалғастырады.
Анықтама. Еділ Медеудің қаржы саласында 17 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар. Әр жылдары ол Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау комитетінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде түрлі лауазымдар атқарды.
KCSD туралы. "Бағалы қағаздар орталық депозитарийі" АҚ (KCSD) — Қазақстан Республикасының қаржы нарығы инфрақұрылымының негізгі элементі. KCSD бағалы қағаздарды орталықтандырылған есепке алуды, қаржы құралдарымтен мәмілелер бойынша есеп айырысуды және бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдерін жүргізуді қамтамасыз етеді.