Иван Сердюк Бағалы қағаздар орталық депозитарийінің Басқарма төрағасы болып тағайындалды

1 қыркүйек 2026

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Иван Сердюк "Бағалы қағаздар орталық депозитарийі" АҚ (KCSD) Басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Иван Сердюктің қаржы саласында 18 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Оның кәсіби сараптамасы ақша-кредит және валюта саясатын, халықаралық резервтерді басқаруды, ақша және валюта нарықтарындағы операцияларды, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамытуды, сондай-ақ Қазақстанның қаржы инфрақұрылымын халықаралық нарықтармен ықпалдастыруды қамтиды.

2007–2024 жылдары Иван Сердюк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жұмыс істеп, экономист және дилер қызметтерінен Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары лауазымына дейін өсті. Әр жылдары ол халықаралық резервтерді басқаруға, ақша-кредит саясаты құралдарын әзірлеу мен енгізуге, алтын және қолма-қол валютамен операцияларға, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамытуға жауапты болды.

Оның қатысуымен Қазақстанның қаржы нарығы үшін маңызды бірқатар бастамалар іске асырылды. Олардың қатарында тәуекелсіз кірістілік қисығын қалыптастыру, бастапқы дилерлер институтын дамыту, мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығының өтімділігін арттыру және халықаралық инвесторлардың қазақстандық нарыққа қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар бар. Иван Сердюк жергілікті нарықты Clearstream және Euroclear халықаралық есеп айырысу-клирингтік жүйелерімен ықпалдастыруға, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын JP Morgan GBI-EM жаһандық индексіне енгізу жобасына қатысты.

Оның корпоративтік басқару және қаржы инфрақұрылым ұйымдарын стратегиялық дамыту саласында айтарлықтай тәжірибесі бар. 2019–2020 жылдары Иван Сердюк "Қазақстан қор биржасы" АҚ (KASE) Директорлар кеңесі мен Стратегия комитетінің құрамына кірді. 2021–2024 жылдары Бағалы қағаздар орталық депозитарийінің Стратегия комитетінің мүшесі болды, ал 2024 жылғы ақпаннан бастап KASE Клиринг орталығының Директорлар кеңесінің құрамына кірді.

2025–2026 жылдары Иван Сердюк KCSD Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды. Сонымен қатар Азия Даму Банкімен және Қазақстан қаржы нарығының негізгі қатысушыларымен бірлесіп Bond Market Guide Kazakhstan халықаралық нұсқаулығын дайындауға қатысты.

KCSD Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалғанға дейін Иван Сердюк "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген Valor Capital Ltd. инвестициялық компаниясының Директорлар кеңесінің мүшесі және бас инвестициялық директоры болды.

Иван Сердюк Халықаралық бизнес академиясын "Қаржы және банк ісі" мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ Назарбаев Университетінде Executive MBA дәрежесін және Дьюк университетінің Фукуа бизнес мектебінде Graduate Certificate in Global Management сертификатын алған.

Ол "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еңбек сіңірген қызметкері" төсбелгісімен, "Теңгеге 20 жыл", "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл" және "Ерен еңбегі үшін" медальдарымен марапатталған.

Жаңа лауазымында Иван Сердюк Орталық депозитарийді Қазақстанның қаржы инфрақұрылымындағы негізгі институт ретінде одан әрі дамытуға, нарық қатысушыларына арналған сервистерді жетілдіруге, халықаралық стандарттарды енгізуге және Қазақстанның капитал нарығын жаһандық қаржы жүйесіне ықпалдастыруды кеңейтуге баса назар аударады.